2000 АДАМ КҮРЕСЕДІ

Естеріңізде болса былтыр шаруашылықтар тұрмақ, тоғайлар шегірткеден едәуір зардап шеккен еді. Осыған байланысты биыл оның алдын алу жұмыстарына облыс басшылығы ерекше көңіл бөліп отыр.

372 мың гектар аумақта зиянкестерге қарсы өңдеу жүргізіледі. Оның 192 мың гектары республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылса, қалғаны жергілікті бюджеттің еншісінде. Шегіртке мәселесі аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте тағы да пысықталды.

Нұралхан Көшеров:

Жұмысшы топтар, техникалар, зиянкестерге қарсы дәрілер толық дайын болуы тиіс. Кешігуге болмайды. Бұл жұмыстардың артында диқандарымыздың, жүздеген отбасының мәселесі тұр. Сондықтан жұмысты жауапкершілікпен істеңіздер. Дәрілеу, өңдеу жұмыстары сапалы атқарылуы керек, – деді.

 

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков зиянкестерге қарсы күрес өз уақытында жүргізілетінін жеткізді. «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізу» штабы күнделікті дайындық үстінде. Мамандардың күн райының жылынуына байланысты шегіртке дернәсілдері сәуірдің алғашқы онкүндігінде шығады деп болжап отыр.

Шегіртке шоғырланған 9 ауданның 15 мың гектардан асатын картасы әзірленіп, жалпы 65 аумақ болып бекітілді. Онда арнайы жұмысшы топ жасақталды.

Әр округке облыстық басқармалар мен мекеме басшылары жауапты болады. Өңдеу шараларына әр жұмысшы топқа 5 техникадан, жалпы 325 бүрку техникасы жұмылдырылмақшы. Оған 2000-нан аса жұмысшы тартылады. Мәселе облыс әкімдігінің қатаң бақылауына алынған. Нұрбол Тұрашбеков бастаған топ дәріленетін аумақтарды аралап жүр.