ТЕЖЕЛГЕН ТАПСЫРМАЛАР МЕЖЕГЕ ЖЕТКІЗБЕЙДІ

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен мәжіліс өткізіп, тапсырмалардың орындалуын пысықтады.
Күн тәртібінде ең алдымен Ұлттық ауылшаруашылық санағына дайындық мәселесі қаралды. Барлық аудан-қала әкімдіктеріне жұмысты дұрыстап ұйымдастыру міндеттелді.
Нұрбол Тұрашбеков:
— Біткен істі баяндаудың қажеті жоқ. Орындалуы тежелген, мерзімі кешіккен тапсырмаларға тоқталыңыздар. Себебін жасырмай ортаға салыңыздар. Тапсырмалар ұмытылмайды, олар орындалмайынша әрқайсысына орала береміз, — деді.
Бәйдібек ауданы бойынша жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты ұсыныстар әлі күнге нақтыланбаған. Сол сияқты, Қазығұрт, Түлкібас аудандарында жұмысшы топ анықтаса да, жайылым жерлерге қайта зерделеу жұмыстары жүргізілмеген. Жетісай, Мақтаарал аудандары орман қорынан бекітілген жайылым жерге шығатын малдың есебін бермеген. Жиналыста жерге қатыстысы осы болды.
Ал, Түлкібас, Қазығұрт, Жетісай, Сарыағаш, Төлеби аудандары жаңа инвестициялық жобаларды ұсынбаған. Ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін инвесторлар тарту мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдерге берген тапсырмасы. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Енді әкімдердің жұмысы халықтың тұрмысы, ауданның дамуына қарай бағаланады.
Ветеринария саласының түйіткілді мәселелері зерделеніп, басқарма басшыларымен оны шешу жолдары талқыланды.
Нұрбол Тұрашбеков:
— Сондай-ақ, индикаторлық жоспар — өзгермейтін көрсеткіш емес. Оның орындалу деңгейі — Сіздердің іскерлік қабілеттеріңіздің көрсеткіші екенін ескертемін, — деді.
Мәжілісте сараланған кемшіліктерді жоюға аудан-қала әкімдерінің орынбасарларына мерзім белгіленіп, орындалуы бақылауға қойылды. Өзі тыным таппаған соң, ауыл шаруашылығы науқаны басталған шақта мерекелеп арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін ескертті.