КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданына арнайы барып, жедел штаб отырысын өткізді. Күн тәртібінде шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша жауаптылардың есебін тыңдалды.

Қазір дернәсілдер оянып, белсенділігі артты. Зиянкестермен күреске Арыс қаласы бойынша Қожатоғай, Ақдала, Монтайтас, Дермене ауыл округтеріне 22, Сарыағаш ауданы бойынша Әлімтау, Дарбаза, Жылға, Тегісшіл, Қызылжар, Дербісек, Жібек жолы, Ақжар ауыл округтеріне 15, Келес ауданы бойынша Бірлік, Жамбыл, Бозай, Ошақты, Ақтөбе, Біртілек, Қошқарата ауыл аймақтарына 17 жұмысшы топ жұмылдырылған.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, дернәсілдер анықталған аймақтарда Арыста — 46, Келесте — 26, Сарыағашта 13 техника алқаптарды дәрілеуде.

Облыс әкімінің орынбасары бекітілген тізімге сәйкес анықтаушылардың жұмысқа толық қатысуын қадағалауды тапсырды. Бекітілген басқармалар тарапынан қосымша аспалы бүріккіштер жеткізілген. Жаңа ошақтарды анықтайтын зерделеушілердің қатарын көбейту керектігі де ескертілді.

Нұрбол Тұрашбеков: 

— Ошақтарды анықтауға күш салыңыздар. Аймақтарды дәрілеу тоқтаусыз жүргізілуі тиіс. Сіздерден жедел әрі шұғыл әрекет талап етіледі. Жұмыс барысында туындаған қандай да мәселені сол мезетте хабарлаңыздар, 24/7 байланыстамын. Жұмысшы топтарға бекітілген аймақтарды күнделікті өзім аралап тексеремін, — деді.

 

Еске салсақ, Сарыағаш ауданы да 15 аумаққа бөлініп, шекаралары белгіленген. 15 топқа 445 анықтаушы тартылады деп жоспарланып отыр. Оларды тасымалдауға 18 автокөлік бөлініп, жергілікті әкімдіктен 25 азамат жұмысты үйлестіруге жауапты болып бекітілген. Ауданда залалсыздандыруға 75 бүрку техникасы, 1 “АН-2” ұшағы қатысады, 125 аспалы бүріккіш берілді. Зиянкестерді химиялық өңдеу жұмыстары Ақжар, Әлімтау, Дарбаза, Дербісек, Жылға, Жібек жолы, Тегісшіл, Қызылжар ауылдық округтерінің аумағында жалпы 81,3 мың гектарда жүргізіледі.

Бүгінде болжам орталығының мамандары дернәсілдер анықталған алаңдарды тұрақты бақылауында ұстап отыр. Арыс қаласында анықталған дернәсілдерге  де химиялық өңдеу жасалды. Сол арқылы арнайы препараттың әсер ету уақыты мен сапасы тексерілді.

Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен биыл күреспен қатар тәжірибе жиналады. Алдағы жылдары сынаққа сақадай сай болу үшін жасалып жатқан жұмыстарды нәтижелі аяқтауға  жұмысшы топтар белсенділік танытуы тиіс.