ЖЕКЕ МӘСЕЛЕ ЕМЕС

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов тұрғындарға жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтінішін бақылауға алды. Қазір азаматтардың дені жеке қабылдауға жеке емес көпшілікке ортақ мәселемен келетін болған.
Арызданушылар арасында Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының тұрғындары бар. Олар кәсіпкерлікке қолдау, жер мәселесі, жұмыспен қамту, сапалы ауыз су мен жол және әлеуметтік мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.
«Мақтарал групп» ЖШС-нің құрылтайшысы Молдасейіт Думан Қазығұрт ауданында мал шаруашылығымен айналысатынын айтып, ауыл шаруашылығына көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бойынша көмек сұрады. Облыс мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов мемлекет тарапынан шаруашылықты дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар екендігін және «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алу бойынша кеңес берді.
Сондай-ақ, Жетісай ауданы Асықата кентінің тұрғыны Ғалия Қуандықова жер мәселесі бойынша шағымданып келді. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын азаматшаның талап-арызы сот процесінде болғандықтан, барлығы заң аясында шешімін күту керектігі түсіндірілді.
Облыстық мәслихаттың төрағасы мен депутаттар тұрғындарымен жиі кездесіп, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Бұл өз кезегінде елді мекендердегі қордаланған мәселелердің түйінін дер кезінде тарқатуға септігін тигізуде.