КЕНТАУДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, тұрғындарды жеке мәселелерімен де қабылдады. Кентаудың мүмкіндігін толық пайдаланып, өндіріс пен кәсіпкерлік саласы дамыған қалаға айналдыру жолдары талқыланды.

Президент экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген. Бұл бағытта Кентауда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2024 жылы 3 елді мекенде 6 жоба іске асырылып, 3 елді мекендегі 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарнақ ауылында құны 107 млн теңгеге мәдениет үйі салынып жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 25 млн. теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. 2025 жылы 477 млн. теңгеге 97 жобаны қолдау жоспарланған. Былтыр шаһарда жалпы өңірлік өнім көлемі 13,5 пайызды құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6600-ге жетті. Олардан өндірілген өнім көлемі 8 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7 пайызға артса, өнеркəсіп өнімінің көлемі 20 пайызға артқан. Өңдеу өнеркəсібі өнімінің көлемі 21 пайызға ұлғайған. Өндірістік әлеуеті өте жоғары қалаға инвестиция тарту кезегін күтеді.

Сондай-ақ, биыл Кентауда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 ауылда 7 жоба іске асырылады. Қарнақ, Құсшы ата, Байылдыр жəне Хантағы ауылдарында 27 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Кентау қаласындағы ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек Хантағы, Қарнақ, Байылдыр ауылдары табиғи газбен қамтылады. Сонымен қатар 8 аулаға спорт жəне ойын алаңшалары орнатылады деп күтілуде.

Кентаулықтар газбен қамту, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік нысанды жөндеу, жұмыспен қамту, кәріз жүйесін реттеу, тұрғын үй салуға жер бөлу және өзге де мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға шақырады.