САСТӨБЕДЕ САЛЫНАДЫ

Түлкібас ауданында Қазақстанда баламасы жоқ «Састөбе» инновациялық кешені» зауытының құрылысы басталды. Құны 180 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнында каустикалық сода, поливинилхлорид, цемент, әк және кальций карбиді өндіріледі. Түркістан облысының әкімі құрылыс алаңында инвестормен кездесіп, игі бастамаға сәттілік тіледі.
Нұралхан Көшеров
– Бүгін біз еліміз үшін аса маңызды өндірістік жобалардың бірі – «Састөбе инновациялық кешенінің» бірінші кезеңінің қондырғыларды орнату жұмыстарын бастау сәтінің куәсі болып отырмыз. «Саутс-Ойл» компаниясы қолға алып отырған бұл кешен іске қосылғанда Қазақстандағы ең ірі әк өндіруші болады. Аталған өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге ғана емес, экспорттық әлеуетімізді де айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Инвесторларға алғысымызды білдіреміз. Жоба сәтті жүзеге асып, тұрғындар жұмыспен қамтыла берсін, – деді.
Кемінде мың адамды жұмыспен қамтуға арналған жобаға «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобасы аясында қолдау көрсетіліп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Сол сияқты республикалық бюджет есебінен инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына қаржы бөлінді. Келер жылы іске қосылатын зауытта жылына 400 мың тонна әк, 200 мың тонна кальций карбидін, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид (ПВХ) және 1 млн тонна цемент өндіріледі деп күтілуде.
Зауыт өнімдері ішкі-сыртқы нарыққа шығару көзделген. Еліміздегі бірегей жобада экологиялық таза, заманауи өндірістік технологиялар қолданылады. Қазіргі таңда шетелден 100%ға импортталып жатқан ПВХ және кальций карбиді енді өзімізде өндіріледі. Тың бастама құрылыс, химия, металлургия секілді өнеркәсіп саласына серпін бермек.