ЕКІНШІ ОРЫНДА

Түркістан облысы бірінші тоқсанды табысты тәмамдады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталып, экономикалық өсім 117,5%-ды құрады. Нәтижесінде бұл көрсеткіш бойынша 2-орынға шықты.  Мемлекет басшысының экономикалық өсімді 7%-ға жеткізу тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгінде өнеркәсіп өнім көлемі 353,6 млрд. теңгені құрап, 12,4%-ға артып отыр.

Облыстың экономикасын көтеру мәселесі және әкімдер мен басқарма басшыларын бағалау жүйесі, сонымен қатар бюджеттің игерілуі облыс әкімі аппаратында талқыланды.

Нұралхан Көшеров: 

Бізге экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту міндеті жүктелген. Әр әкім, басқарма басшысы осы бағытта ізденіп, кіріс көздерін көбейтуге, жұмыс орындарын ашуға күш салулары керек. Инвестиция тарту маңызды. Сіздердің жұмыстарыңыз арнайы зерделеніп, рейтинг әзірленетінін тағы да ескертеміз. Сол бағалау нәтижесімен шешім қабылданады. Бюджетті тиімді жұмсау, уақтылы игеру бағытында да жүйелі жұмыс атқарыңыздар, – деді.

 

Сондай-ақ, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек пен Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қ.Елібаевтың есептері тыңдалды.

Облыста ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 116,4 млрд. теңгені құрап, өсім 106,9%ға жетті. Агроөнеркәсіп кешенінің көрсеткіштері бойынша республикада көш бастап тұрмыз. Бірінші тоқсанда құрылыс жұмыстары көлемі 58,6 млрд. теңгені құрап, 57,4%-ға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы –159,2 мың шаршы метрді құрады. Жергілікті бюджетке 65,6 млрд.теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 148,8%-ға орындалды. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспар 2,3 млрд. теңге болса, 6,1 млрд. теңге, түсіп, 3,8 млрд. теңге артығымен орындалып отыр. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің жоспары 747,2 млн. теңге болса, нақты түскені – 1,7 млрд. теңге. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістердің орындалуы бойынша өсім 7,2%-ға жетті.

 

Өңір басшысының тапсырмасымен аудан қала әкімдері мен басқамалардың қызметінің тиімділігін бағалайтын 89 индикатор бекітілді. Индикаторлардың маңыздылығына қарай бағалау жүйесінде 9 блок бар. Әр блоктың нәтижесімен қорытынды рейтинг әзірленген. Барлық индикаторлардың нәтижесі бойынша аудан, қала арасында алғашқы үштіктен Отырар, Сауран аудандары мен Арыс қаласы көрінді.

Нұралхан Көшеров рейтингі төмен бағаланған аудан, қала әкімдерін көштен қалмауға шақырды. Сол сияқты аудан және басқарма басшыларының жұмысын бағалау да жалғасатын болады.