334,8 ГЕКТАР ЖЕР ДӘРІЛЕНДІ

Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы күрес ерте басталып, уақтылы аяқталғалы тұр. Енді 40 мың гектар жер дәріленсе, зерттеліп анықталған аумақ түгел қамтылады.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков кезекті штаб отырысын Келесте өткізді. Химиялық өңдеу жүргізу секторларға бекітілген.
Арыс қаласына қарасты 6-7 секторда дәрілеу жалғасуда. 12-секторға қосымша 4 техника жеткізілген. Қожатоғай мен Байтоғай ауылдарының арасын зерделеу барысында шегірткелердің экономикалық зиянды шегіне жетпейтіні анықталды. Ол жақты ұшақпен дәрілеу ұсынылды. Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев қосымша қажетті техникалар ұйымдастырылатынын, химиялық өңдеуді мерзімінде аяқтауға күш салынатынын айтты.
Сондай-ақ, 30, 34-секторларда жұмысты ширату тапсырылды. Шардара ауданымен шекаралас алқаптарға бақылау күшейтіліп, шегірткелердің ересек кезеңіне өтуіне байланысты дәрі мөлшері көбейтілетін болды. Ал, 23-28 сектор арасын анықтаушылар қайта бақылауға кіріскен. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев мамыр айының алғашқы он күнінде негізгі жұмыстар аяқталып, дәріленге аумақтардың тазартылатынын айтты.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жұмыс барысында туындаған мәселелерді жеке қадағалайтынын, тиісті шаралардың мерзімінде атқарылуын ұйымдастырып, аудандармен шектесетін алқаптарға қадағалуды күшейтетінін айтты.
Нұрбол Тұрашбеков жұмысы аяқталған сектор техникаларын қауіпті аймақтарға жұмылдыруды тапсырды. Химиялық препараттар мен жанар-жағармай қоры күнделікті тексеріледі.
— Әріптестер, жұмыстың көбі кетіп, азы қалды. Бірақ, босаңсуға болмайды. Барлық мүмкіндікті қолданып, асқан жауапкершілікпен бұл науқанды абыроймен өткеруіміз қажет. Бүгін ел бізге қарап отыр, ал біз ертең жерге қарамаудың әрекетін жасайық, — деді, Нұрбол Тұрашбеков.