СПОРТ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған бір топ депутаттар бірқатар спорт нысандарының құрылысымен танысты. Олар ескек есу каналын, атшабар көпфункциялы спорт нысанын және Б.Саттарханов атындағы спорт кешенін көрді.

 

Түркістан қаласында спорт кешендері бар ескек есу каналының құрылысы 3 кезеңнен тұрады. Кешен олимпиадалық стандартқа сәйкес жабдықталған. Келешекте су спорты түрлерінен оқу-жаттығу жиындары, Әлем және Азия біріншіліктері мен ірі халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстар өткізіледі. Мұнда академиялық есу, триатлон, каноэде және байдаркада есу, желкенді спорт және жүзу сияқты спорт түрлері қамтылады. Есу каналында 1000 орындық трибуна, эллинг, төреші мұнарасы, жағажай аймағы, көпір қарастырылған.

 

Атшабар көпфункциялы спорт нысанының құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталады. Жоба жүйелі түрде ұлттық және халықаралық деңгейдегі бәйгелер ұйымдастыру, балалар мен жасөспірімдерге арналған жарыстарға арналған.

 

Депутаттар Б.Саттарханов атындағы спорт кешеніне де соқты. Мұнда бокс, дзюдо, еркін күресі, грек-рим күресі, баскетбол, волейбол, таэквондо, каратэ, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат, самбо және үстел теннисі спорт түрлері қарастырылған. Сондай-ақ, жиналмалы 320 орындықты әмбебап спорт залы, бокс залы, күрес залы, таэквондо залы, ауыр атлетика және жаттығу залы, дәрігер кабинеті, 72 орындық конференц-зал, 48 орындық буфет, футбол және баскетбол алаңшалары бар.

 

Мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және депутаттар спорт нысандарының салынуы сыртқы және ішкі туризмді дамутуға үлкен септігін тигізетінін айтты. Тиісті басқарма басшыларына құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды және Б.Саттарханов атындағы спо рт кешенінде орналасқан залдағы орындықтар санын көбейтуді ұсынды.