МҰНАЙ ӨҢДЕЙДІ

Қазақстанда мұнай бағасы шетелдік нарықтың бағамына байланысты болады. Шикізаттың өңделмеуі кері әсерін тигізеді. Мемлекет басшысы барлық салада терең өңдеу ісін жандандыруды тапсырған. Өнім көлемі қаншалықты көп болса, соншалықты экономикалық өсімге серпін береді.
Түркістан облысы Шымкенттен іргесін бөліп, мұнай өңдейтін ірі зауыттар қалада қалып қойды. Енді өңірдің өз зауыты болады. Ордабасы ауданында салынып жатқан мұнай өңдеу зауытының жұмысымен облыс әкімі арнайы танысты.
«Standard Petroleum & Co» ЖШС-не қарасты мұнай өңдеу зауытының бірінші кезеңі жыл соңына дейін жүзеге асырылады. 300 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қуаттылығы жылына 2,0 млн. тоннаны құрайтын ірі жобаның инвестиция құны 130,0 млрд. теңге. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір технологиялық жабдықтар орнатылуда. Бюджет есебінен инфрақұрылым тартылған. 1,2 км автожол және 14 км теміржол төселіп, пайдалануға берілген.
Жоспарға сәйкес инвестициялық жобаның II кезеңі алдағы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Жаңа мұнай өңдеу зауытында жылына 377,8 мың тонна Еуро-5 бензині, 426 мың тонна Еуро-6 дизелі өндіріледі.
2 жылда Түркістан облысының экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. 2025-2028 жылдары 110 инвестициялық жоба іске асырылады. Жобалардың жалпы құны – 2,3 трлн. теңге. 19 783 жұмыс орнын ашып, қосымша 84 млрд. теңге салық түсіру көзделген. Оның ішінде, биыл 322 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.