БАҺАДҮР БАБАЛАРДЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫНА БАЛАДЫ

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекеге орай өткен салтанатты жиналыста күштік құрылым қызметкерлерін Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Президент оларды баһадүр бабаларымыздың лайықты ізбасарларына балап, айбынын асқақтатты.
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толды. Ұрпақтың тыныштықта өтуін қалап, майдан даласында соғысқан батырлардың ерлігі естен кетпейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қазақ – болмысынан жаужүрек халық. Батыр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады. «Ер – елдің айнасы» дейді. Шын мәнінде, халқымыздың ерлік дәстүрі атадан балаға жалғасып келеді. Қазақ сарбазы қай кезде де елін қорғай білген. Жерінің шетіне жау тисе, жұдырықтай жұмылып бір тудың астынан табылған. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға бір миллион екі жүз мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы, – деді.
Мемлекет Қазақстан Қарулы Күштерінің әлеуетін арттыруға айрықша назар аударып отыр. Күштік құрылымдар ел тыныштығы мен қауіпсіздігі, тәуелсіздік пен тұтастықтың кепілді күзетшісі. Шекара шебінен бастап, ел ішінде мыңдаған көздер кірпік қақпай, қалтқысыз қызмет етіп жүр.
Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кіріскеніміздің халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсететініне сенім білдірді. Бейбітшілікті ту еткен мемлекет ретінде әлем елдерімен достық қатынас орнатып, даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешуді жөн тапқан Президент Қазақстанның мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүреді. Десе де, әскерилердің кез-келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруы тиіс екенін де еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Әскеріміз ең озық қарумен және техникамен жарақтандырылып жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі кешені дамып келеді. Жаңа гарнизондар, әскери қалашықтар мен заставалар салынуда. Сарбаздардың әзірлігі мен жауынгерлік машығы әрдайым шыңдалады. Әскеріміздің арнаулы халықаралық жарыстардан жүлдемен оралуы – олардың дайындығы жоғары екеніне дәлел. Әскерилер, арнаулы және құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қамтылған. Оларды мемлекет әрқашан қолдайды. Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянып қалмайтын батыл жандар ғана атқара алады. Сондықтан әскерилер, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлері өскелең ұрпақ пен барша халқымыз үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс, – деді.
Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сонымен қатар жоғары мемлекеттік наградалар табыс етті.