СУ ҮНЕМДЕУГЕ КӨШІРІЛДІ

Түркістан облысының даму жоспары индикаторлық көрсеткіштермен өлшенеді. Аудан және қала әкімдіктері мен жауапты басқармаларға тиесілі жұмыстардың атқарылуы тұрақты бақылау арқылы бағаланады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген бастамасын облыс әкімдігі осылай іске асырып жатыр. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өзі жетекшілік ететін салалар бойынша аудан-қала әкімдері орынбасарларымен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
«Жол картасына» сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы бойынша 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Жыл басынан бері Шардарада — 2, Бәйдібекте — 1, Жетісайда — 1 жоба іске асырылған. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерінің негізгі капиталына инвестиция тарту Отырар, Қазығұрт, Ордабасы аудандары мен Кентау, Арыс қалаларында баяу атқарылуда.
Еліміздегі ең алғаш су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт облыста ашылып, аталмыш технология 11,3 мың гектарға енгізілді. Сондай-ақ, биыл жаңбырлатып суғару әдісіне 4,5 мың гектар жерді көшіру жоспарланған.
Бұл тәсілдің экономикалық тиімділігі – ағын су шығынын 2 есеге кемітіп, өнімділікті 2-3 есеге арттырады әрі жұмыс күшінің үлесін азайтады. Нұрбол Тұрашбеков бұл бағыттағы жұмысты ширатуды, көзделген межені бағындыруға күш салуды тапсырды.
Жер қатынастары басқарма басшылығы жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша Созақ, Келес аудандары мен Арыс қаласында жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде екен. Мақтаарал және Ордабасы ауданы әкімдерінің орынбасарларына «Беккари» шұңқыры мен мал шомылдыратын орын құрылыстарының 1-шілдеге дейін аяқтау жүктелді.
Жасанды жолмен балық өсіру бойынша өңір Республикада көш бастап тұр. Алғашқы тоқсанда өндірілген балық көлемі 905 тоннаға жеткен. Балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаулар тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіріліп жатыр. Балық шаруашылығын дамытуға субсидиялау оң әсер етуде.
Нұрбол Тұрашбеков статистикалық көрсеткіштердің сәйкестендірілуіне баса назар аударуды тапсырды. Тапсырмалардың уақытылы орындалуына мерзім берілді.