ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНДЕ СӨГІС ЖАРИЯЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті, деп хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметі.
Кеңесте Көлік министрі Марат Қарабаев пен өзге де мемлекеттік орган басшыларының баяндамасы тыңдалды.
Президент көлік саласындағы ахуалды сынға алып, қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп жатқанын еске салды.
Мемлекет басшысы шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ, «Жасыл дәліз» жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Президент жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өзінің бәсекелестік артықшылығын сақтап қана қоймай, оны нығайта түсуге тиіс екенін ескертті.
Президент жүк тасымалы көлемін арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет деп санайды. Үкіметке мультипликативтік тиімділікті көтеру мақсатында еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайту, соның ішінде әлемдік жеткізу тізбегіне қосылу міндеті қойылды.
Жиын соңында Президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады. Көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдау тапсырылды.