ЖОСПАРДАН ТЫС ТЕКСЕРДІ

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Шардара-Сервис» МКК-ның жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бұған 3 тұтынушының өтініші себеп болған.
Тексеру барысында кәсіпорынның «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 3) тармақшасын бұзу фактілері анықталған. Олар тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметке қол жетімділікті ұсынбаған, сөйтіп тиісті заңнаманы бұзған.
Тексеру нәтижесінде «Шардара Сервис» МКК Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 164-бабының 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыпты деп танылды. Кәсіпорынға 1 100 960 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, қадағалау іс-шараларының нәтижесіне сәйкес «Шардара-Сервис» МКК-на заң бұзушылықты жою туралы нұсқама енгізілген. Департамент тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және табиғи монополиялар субъектілерінің заңнаманы сақтауын бақылау жөніндегі жүйелі жұмыстарды жалғастыратынын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді.