ҮШ ЖЫЛДА 110 ЖОБА ЖОСПАРЛАНҒАН

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Оған инвесторлар, аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, кәсіпкерлік пен инвестицияға қатысты мекеме жетекшілері қатысты.

Мәжілісте жаңадан жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ахуалы баяндалды. Аймақ басшысы жауаптыларға жұмысты жеделдетуді, өндіріс орындарын көбейтіп, жобаларды сүйемелдеуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров:

Бүгінгі инвестициялық штаб отырысында маңызды мәселелер қаралуда. Біз әрбір жобаның іске асырылу барысын мұқият қадағалап, туындайтын мәселелерді шешуге қолдау көрсетеміз. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары ұйымдастыру, үйлестіру, инфрақұрылым мәселелерін жедел шешулері керек. Мақсатымыз – өндіріс орындарын ашу, отандық өнім көлемін ұлғайту. 

 

Басқосуда инвесторлар ой бөлісіп, кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды. Жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған басшылар сын астында қалды.

Отырыс барысында Сауран ауданында «Xingtai Tiancheng Textile Co., Ltd.» компаниясы мақта өсіру, жіп иіру және тоқыма өндіретін зауытын салу талқыланды. Сондай-ақ, Ордабасы ауданында майлы және желатинді компоненттерді алу үшін ірі қара мал сүйектерін қайта өңдеу зауыты салынады.

Ал, Түркістан қаласында «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-нің салқындатқыш жабдықтар шығаратын зауытының екінші кезеңінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар еденге арналған жабын материалдарын шығару зауытының құрылысы, бір реттік ыдыс шығаратын зауыттың құрылысы, кептірілген жемістерді өндіретін зауыт пен өзге де жобалардың жай-жапсары сөз болды.

Өңірде жыл басынан бері 196,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өндіріс өркендеуде. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. 2025-2028 жылдары 110 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Биыл 322 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 адамды жұмыспен қамту көзделген. Индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парк те кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді, облыс әкімдігі.