ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ БАҚЫЛАУДА

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жасыл аймақты аралады. Жаңа әуежайға апаратын жол бойына көктемде 8 мыңға жуық көшет отырғызылған.
Мұндағы тамшылатып суару жүйесінің істен шыққандары жаңаланып жатыр. Құбырларды реттеу, арықтарды тазалау бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы тексерілді.
11 шақырымға созылған жасыл белдеу 7 су торабы арқылы суғарылады. Жас көшеттердің топырағын тыңайтып, қосымша суғаруға 5 трактор бекітілген.
Өндірістік парк айналасындағы жасыл желектердің жағдайы да мамандардың бақылауында. Бұл аймаққа арнайы су таситын көліктер кестеге сәйкес суарады.
Жаңа әуежай тас жолының бойындағы екпелерге су жеткізу мәселесін шешу үшін учаскенің шығыс-солтүстік жақ бетінен жасанды тоған салынып, келетін суды жинайтын арнайы бассейін орнатылған. Су 3 орталық сорап арқылы тамшылатып суару жүйесіне жеткізіледі.
Нұрбол Тұрашбеков жасыл желектерді баптауға жаз мезгіліне арнайы кесте бекітіп, кезекшілік түзуді тапсырды. Сондай-ақ, ағаштарды суғару уақытына өзгеріс енгізу қажеттігін еске салды.