ҚАЗАҚ-БОЛГАР ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ НЫҒАЯДЫ

Қазақстан мен Болгария президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті атап өткендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді.
Мемлекет басшысы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ оны ұлғайтуға мол әлеует бар екенін айтты. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл, – деді.
Президент болгар компанияларымен, инвесторларымен өзара ықпалдастықты қолдайтынын жеткізіп, бұл ретте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия негізгі рөл атқаратынына тоқталды.
Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Болгария мен Қазақстанның санқырлы ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Румен Радев:
– Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда мемлекеттеріміздің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады, – деді.
Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және қазақ-болгар қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыру жолдары қаралды.
Aqorda_resmi