ЖАҒАЖАЙДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУДЫ ЖҮКТЕДІ

Шардара туристік әлеуеті бар шаһар. Оған себеп теңізге теңестірілген су қоймасы. Алайда жағажайда да, қалада да туризм оңалмай, әлі күнге жабайы болып тұр. Осы уақытқа дейін қанша әкім ауысса да осы саланы дамыта алмады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөлге алаңдап, демалыс маусымында демалатын орындарды реттеуді Үкіметке тапсырды. Ал, бүгін Түркістан облысының әкімі Шардара ауданына арнайы барып, жағажайдың жай-күйімен танысып, туристік нысандардың санитарлық тазалық және қауіпсіздік талаптарына сәйкестін тексерді. Нұралхан Көшеров салаға жауапты басшылармен, жағажай жұмысын жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге көзге түскен кемшіліктерді реттеуді тапсырды.
Туристер «Nurdelux», «ER I ZHAN», «Алтын жағалау» және өзге де демалыс орындарында демалады. Алайда, алтын құмы бар алтын жағалаудың атына заты сай емес.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіруді тапсырды. Бұл мәселе назарымыздан түскен емес. Өңірде туристік орындарды реттеу, санитарлық тазалығын сақтау бойынша екі жылдан нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ әлі де кемшілік көп. Жағажайларды жедел ретке келтіріңіздер. Тазалық, қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарына заң шеңберінде жұмыс жүргізілсін. Осы демалыс орындарына иелік етіп отырған кәсіпкерлер өз міндетін адал атқарсын. Жағажайларға қажетті талаптар сақталмаса, келісімшартты тоқтату керек. Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдігінің жауапты тұлғалары осы мәселе бойынша шұғыл жұмыс атқарыңыздар. Демалыс орындарында тіркелген жұмысшылар санын, салық төлемдерін де жүйелеңіздер. Ең басты мәселе – демалушылардың қауіпсіздігі. Егер туризм дамысын десек, тазалық пен қауіпсіздік басты назарда болуы керек. Жағажайға келушілердің тазалық талаптарын сақтауы да қадағалансын, – деді.
Жағажайларды аралап шыққан соң аймақ басшысы аудан әкімдігімен жағажайлар мен туристік нысандар бойынша шұғыл жиналыс өткізді.
Нұралхан Көшеров
– Туристік нысандар – біздің келбетіміз. Мемлекет басшысы осы бағытта нақты міндеттер жүктеп отыр. Жаңа жағажайларды аралап шықтық. Қауіпсіздік, тазалық бойынша кемшіліктерді көрдік. Төтенше жағдайға жауапты мекемелер жұмысты күшейтіп, кемшіліктерді жоюы керек. Полиция тарапынан тазалық талаптарының орындалуы, алкогольді ішімдіктердің сатылмауы, жалпы тәртіптің сақталуы қадағалансын. Тұрғындардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Екіншіден, осы туристік нысандардың салық төлемдеріне қатысты да сұрақтар бар. Жергілікті кірістер басқармасы жұмысты ширатсын, – деді.
Сөйтіп «Қазсушар» мекемесі мен Шардара ауданы әкімдігіне және Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына демалыс орындарын тіркеу, заңдылығын сақтауды, туризмге салғырттықпен қараған жауапты басшылар пен қызметкерлерге тиісті тәртіптік шара көруді міндеттеді. Сондай-ақ, жағажайларда құтқарушылар санын көбейту, суға тым жақын орналасқан сәкілерді талапқа сай алыстату, автотұрақты реттеу сияқты сыннан мін түзеуді тапсырды. Бұдан былай туристік нысандарға тұрақты түрде мониторинг жүргізілетін ескертілді.