КЕНТАУДА КӘСІПОРЫН КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу әлем елдерінде жүйелі жұмыс істеп тұр. Елімізде бұл іс Президент тапсырмасына сәйкес іргелірей бастады.

Түркістан облысының әкімі  Кентаудағы индустриалды аймақты аралап, қайта өңдеу бағытындағы өндірістік жобалармен танысты. Кәсіпкерлермен ұсыныстарын тыңдап, салаға басымдық беріліп, қолдау көрсетілетінін айтты.

Индустриялық аймақтың аумағы 43 гектарды құрайды. 7 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Биыл тағы үш жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.

 

Нұралхан Көшеров «АБН Альянс» ЖШС-нің полиэтиленді құбыр өндіретін кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бұған қоса кірпіш зауыты да қарқынды жұмыс істеп тұр. Мұнда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.

 

Биыл Кентауда өнеркәсіп бойынша нақты 4 жоба құрылып, 310 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 2 жоба арнайы экономикалық аймақта орналасса, қалған 2 жоба индустриалды аймақта жүзеге асады. Кентауда жалпы 16 кәсіпорын ашылады екен.

Олардың қатарында «TURAN SHENHUA» ЖШС газ қазандықтары мен тұрмыстық техникаларын өндіру жобасы жоспарда бар. Кәсіпорын 120 адамды жұмыспен қамтымақ. Құрылыс жұмыстары биылғы қараша айында аяқталады, жобалық-сметалық құны 2,4 млрд. теңге.

Кентау индустриалды аймағында «АйдарСтройГрупп» ЖШС металл бұйымдарының өндірісі қолға алынады. Мұнда 50 тұрақты жұмыс орны ашылады, құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, қолданысқа беріледі.

Металл заттарын өндіретін «Сапар Құрылыс-С»ЖК цехы салынуда. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба құны 400 млн.теңге.