ДЕПУТАТТАР ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбіш бастаған депутаттар түгел қатысты.
Күн тәртібінде облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, ауылшаруашылығы басқармаларының басшылары, облыстық төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Кентау қаласының әкімі, «QazaqGaz Aimak» АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалының бас инженері, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы «Шымкент магистральдық газ құбырлары» басқармасының басшысы, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-гі бас директоры, аудан, қала әкімдерінің орынбасарларынан жауап алынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру тетіктері талқыланды.
Фракция отырысының негізгі тақырыбы – жылыту маусымына дайындық бойынша Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың хабарламасы тыңдалды. Қала әкімі №5 Жылу энергоорталығының дайындығы жөнінде есеп беріп, барлығы 6 қазандықты қайта құру жұмыстарының нәтижесінде қазандықтардың тозу деңгейі 87,2 пайыздан 25 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді. Станциядағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 667 млн. теңге көлемінде жоба-сметалық құжаттама түзілгенін айтты. Кәсіпорынның жылыту маусымына дайындық жұмыстары техникалық тұрғыда ғана емес, қаржылық тұрақтылыққа да тәуелді екенін айтып, тұтынған жылу энергиясы үшін төленген қаржы туралы мағлұмат берді. Жылу құбырларының дайындығы, магистральді және орамішілік жылу жүйелерін қайта құру, оларды сығымдаудан өткізу жұмыстары, бюджеттік мекемелердің дайындығы туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар «Кентау Сервис» МКК директоры Саяхат Ыбышев жылу энергоорталықтың қалыпты жұмысын ұйымдастыру, оның қаржы шаруашылық қызметі, жұмысшылармен қамтылу жағдайы, қазандықтар мен жылу жүйелерінің дайындығын баяндады.
Жылудың жайы қызу талқыға түсті. Депутат Мағауия Тұрысбеков стратегиялық маңызы бар нысанның қайта құру жұмыстарына 13 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралып, игерілгенін айтып, оның ағымдағы жөндеуіне қосымша 667 млн. теңге қажеттілігі неден туындағанын сұрады. Ал, Фракция мүшесі Талғат Қаржауов кәсіпорын ағымдағы шығындарын неліктен өзінің кіріс көздерінен жаба алмайтынын көтерді.
Бұл мәселе жөнінде түсінік берген қала әкімі мен кәсіпорын басшысы, ағымдағы жөндеу жұмыстары агрегаттарды, қазандықтар мен жылу жүйелерінен бөлек, энергокешеннің қалыпты жұмыс істеуіне қосымша құрылымдарды жөндеуге қажет екенін түсіндірді. Ал кәсіпорында өндірілген қуаттан түскен табыс шығындарды толық жаппайтыны, тарифті көтеруге тура келетіні айтылды. Кентау қаласында жылу қуатының тарифі шаршы метрге шаққанда 100 теңгені құрап, Қазақстандағы ең төменгі тариф болып отырғаны назарға жеткізілді. Қарағанды облысындағы жылу энергоорталықтары бекіткен тарифтің көлемі 220 теңгені құрайтыны салыстырмалы түрде айтылды. Тарифті қайта қарау мәселесінде депутаттарға толық ақпарат беруді талап етілді.
Көтерілген мәселе бойынша фракция төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелерін сығымдау жұмыстарының барысы, бюджеттік мекемелердің жылыту мауысымына дайындығы туралы сұрады. Депутаттар Талғат Садуов, Сүлеймен Арыстанов Кентау қаласының жылу энергоорталығына құйылып жатқан қаражат өз жемісін беретініне сенім білдірді, өзін өзі қаржыландыратын ұйымға айналарына үміт артты.
Жиынның күн тәртібіне қойылған келесі мәселе – Түркістан облысының жылыту маусымына дайындығы туралы Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің, қосымша хабарламашылар ретінде «QazaqGaz Aimak» АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалының бас инженері Асқар Шпековтың және «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы «Шымкент магистральдық газ құбырлары» басқармасының басшысы Сәкен Исмайловтың есептері тыңдалды.
Басқарма басшысы облыста жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет ететінін, олардың құрамында энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды қазандықтар бар екенін айтты. Орталық жылу беру ұйымдарына алдағы жылыту маусымына 7,8 млрд. теңге қаралғанын жеткізді. Облыс көлеміндегі әлеуметтік нысандардың дайындығы туралы жеке-дара мағлұматтар беріп, бүгінгі күндегі дайындық деңгейлерін айтып берді.
Қаралған мәселе бойынша депутаттар Мағауия Тұрысбеков пен Дулат Әбіш білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындық деңгейі төмен екенін білдіріп, биыл газбен қамтылған елді мекендерде мектептердің жылу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру өзекті болып отырғанын айтты. Ал депутат Жәнібек Сүлейменов Сарыағаш, Келес аудандарына жеткізілетін көмір бағасының қымбаттауы мәселесін көтеріп, өзектілігіне тоқталды. Фракция мүшесі Талғат Қаржауов газ құбырларына толықтырылған газ үшін ақыны неліктен газ жүргізген мердігер ұйымдар немесе қарапайым тұтынушылар төлеу керек екенін көтерді. Құбырларға газ толтыру «QazaqGaz Aimak» АҚ-ның немесе «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның тікелей міндеті екенін атап өтті. Ал депутат Уәлихан Рахиев Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округіне қарасты бірде бір елді мекенге газ жеткізілмегенін, егер бұл жоба тиімсіз болса, салалық басқарма неліктен халыққа осыны ашып айтпайтынын сұрады.
Фракция мүшелерінің табиғи газ мәселесіне қатысты сауалдарына «QazaqGaz Aimak» АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалының бас инженері мен «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы «Шымкент магистральдық газ құбырлары» басқармасының басшысы жауап беріп, компаниялардың ресми ұстанымдарын білдірді.
Жиынның күн тәртібінде қаралған республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы және атқарылған жұмыстар туралы Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Джалайыров пен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Ермек Рахиев ақпарат берді.
Басқарма өкілі облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзыныдығы 17692 шақырымды құрайтынын айтты. Оның ішінде 678 шақырымдық республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп-ұстауға «ҚазАвтоЖол» РМК тарапынан 264 млн. теңге қаралып, 69 бірлік техника және 375 адам жұмылдырылатынын жеткізді. Ал 3983 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдардың 1943 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазалау учаскелері болып белгіленгенін, инертті материалдар себілетін жолдар екенін мәлімдеді. «Оңтүстік жолдары» МКК тарапынан қысқы мерзімде күтіп-ұстау жұмыстарына 123 бірлік техника, 259 адам жұмылдырылмақ. Ал аудандық маңызы бар 1726 шақырым жолдарда қар тазалау жұмыстарына 192 бірлік техника мен 320 адам қатыстырылатынын түсіндіріп өтті.
Басқарма мен «ҚазАвтоЖол» АҚ-ы өкілдеріне сауал қойған депутаттар Сауран ауданы, Еңбекшіқазақ елді мекеніндегі жол жөндеу жұмыстарын биыл толығымен аяқтау, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде жаңадан ашылған Қажымұқан мұражайына баратын жол өткелін салу, Сарыағаш қаласының тұсындағы айналма жол мәселесі, Төлеби ауданында Ақайдар-Бірінші Мамыр жол бойына қоршаулар қою, жол асуларында инертті материалдарды құрғақ күйінде сақтауда бастырмалар орнату, Шәуілдір-Түркістан автомагистралінің кезеңдік жұмыстарын аяқтау, Отырар ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-23 автомобиль жолын жөндеуден өткізу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Темірлан ауылының тұсында жол қоршауларын қою, Төрткүл ауылында бағдаршамның жиі істен шығуы мәселелерін көтерді.
Фракция отырысының қорытындысымен қаулы қабылданып, жиын барысында айтылған барлық сауалдар мен өтініштер хаттамалық тапсырма ретінде бекітіледі. Оның орындалуына бақылауды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жүргізетін болады.