ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің кезекті есепті кездесулері аяқталды. Соңғысы Тоғыс, Тұрдыабад тұрғын алаптарының Қаратөбе, Алатау көшелерінің және «Жеңіс» саябағы тұрғындарымен өтті.

 

Кездесуде жол-көлік инфрақұрылымы, өзен жағалауы мен «Бадам» су қоймасын абаттандыру, шалғайдағы көшелерді жарықтандыру, «Оқушылар сарайын» салу, автотұрақтар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен суару жүйелерін жүргізу мәселелері көтерілді.

 

Шаһар басшысы ауданда атқарылған жұмыстар мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шараларды атап өтті. Тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету үшін Сайрам тұрғын алабында сорғы станциясы іске қосылды, Базарқақпа шағын ауданында Мәдениет үйі қайта салынды. Келесі жылы «Қазығұрт» мәдениет үйін қайта жаңарту жоспарланған.

 

Сондай-ақ, соңғы екі жылда Қаратөбе, Еламан, Қарабастау, Жұлдыз және Жалын тұрғын алаптары газдандырылды. Қаланың шығыс бөлігінің көліктік қолжетімділігін жақсарту үшін Момынов және Тіленшин көшелерінде екі ірі автомобиль өткелдерінің құрылысы басталған.

 

Еңбекші ауданында 57 шақырым жол төселіп, биыл 73 шақырымнан астам жол құрылысы аяқталады деп күтілуде. 530 көше жарықтандырылды, тағы 85 көшеге жыл соңына дейін жарық жүйелері жүргізілмек.

 

Көшпелі кездесулердің қорытындысы бойынша тұрғындардың өтініштеріне жан-жақты талдау жүргізіліп, шешімдері кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.