ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫСТА БОЛАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Қаратау ауданында өткен кездесуге Тұран, Нұртас, Тассай, Мирас және Шапырашты шағын аудандарының тұрғындары қатысты. Онда инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, көлік ағынын азайту, жол салу, қаңғыбас жануарларды аулау, көшелерге ат қою және қоғамдық тәртіпті сақтау, аурухана мен мектеп салу, лифттерді жаңарту, ұялы байланыс сапасын жақсарту туралы ұсыныстар айтылды.

 

Бүгінде әкімшілік-іскерлік орталықты Тұран шағын ауданымен байланыстыратын Алтынсарин көшесін қосу жүргізілуде. Сондай-ақ, соңғы екі жылда ауданда 241 шақырымнан астам жол төселіп, 602 көше жарықтандырылған. Жуырда Тассай және Тұран шағын аудандары арасында тікелей көлік қатынасын қамтамасыз ету үшін Ақсүмбе көшесі ашылады.

 

Өткен жылы демеушілік есебінен Тұран-1 шағынауданының 29 көпқабатты үйіне ұзындығы 4 шақырымға жуық жылу трассасы тартылған. Табиғи газға Ынтымақ-2, Бозарық, Тассай тұрғын алаптары қосылып, Өтеміс шағын ауданында Мәдениет үйі ашылды.

 

Қала әкімі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың жоспарлы түрде жалғасатынын айтты. Аудан әкімдігіне халықпен кері байланысты күшейту тапсырылды.