ПРЕЗИДЕНТ МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс Төрағасын қабылдады. Ерлан Қошанов мемлекет басшысына Палата қызметі туралы баяндады. Сондай-ақ, «Күшті Президент, Ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидатын іске асыруда, дәстүрлі Жолдау мен ел дамуы бойынша берілген тапсырмаларды заңнамалық тұрғыда уақтылы әрі сапалы қамтамасыз етуге ерекше мән беретінін айтты.

 

Бүгінде 15 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. 77 заң Мәжіліс қарауында жатыр.

Биылғы Жолдауда жыл соңына дейін Құрылыс, Цифрлық кодекстер мен «Банк қызметі туралы» Заңды қабылдау жүктелген. Сондай-ақ сайлау, тұтынушылардың құқығын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу секілді заң жобаларын реттеу тапсырылған.

 

Сонымен қатар депутаттардың жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға түзетулер енгізуге, сондай-ақ креативті индустрия, ғылыми зерттеу аумақтарын дамыту, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, бағбандық шаруашылық серіктестіктерді мемлекеттік қолдау бойынша заң жобаларына бастамашы болғанына тоқталды.

 

Заң шығару жұмысы жұртшылықтың, сарапшылардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жүргізіліп жатыр. Барлық саяси партиялардың фракциялары өз электоратының сұранысына сәйкес ұсыныстарын белсенді түрде енгізілуде. Маңызды заң жобалары Қоғамдық палатаның отырыстарында қаралатын болады.

 

Депутаттар Президенттің Жасанды интеллектіге қатысты бастамаларын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысады.  Қыркүйек айының соңында Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылдап, Сенатқа жолдағаны осының дәлелі. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен парламенттік тыңдау өткізілді.

 

Депутаттардың және Энергетика министрлігінің бастамасымен Ақтауда мұнай-газ саласындағы машина жасау ісін дамыту форумы өтті. Мұнай-газ секторындағы сатып алуларда қазақстандық үлесті жүйелі түрде арттыру жайлы шешім қабылданды. Депутаттар мұны ұдайы бақылауда ұстайды.

 

Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия аясында атқарылған жұмыс жайында да айтып өтті. Елімізге Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының және Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағалары ресми сапармен келді. Көптеген елдің парламенттерімен достық топтары белсене қызмет атқаруда, заң шығару саласында тәжірибе алмасу жолға қойылған және мемлекетаралық жобаларды қолдау бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.

Депутаттар ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТүркПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа да көпжақты ұйымдар аясында табысты қызмет атқаруда.