ПРЕЗИДЕНТ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ДАМУ БАҒДАРЫН ТОЛЫҚ ІСКЕ АСЫРУҒА БАСА НАЗАР АУДАРДЫ
Президент Әзербайжанның Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің ХІІ саммитіне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдап, жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанына тоқталып , қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналғанын алаңдаушылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Осындай алмағайып заманда 30 жылдан астам уақыт шешімін таппаған шиеленіске қатысты Әзербайжан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жол ашатын тарихи мәміле болды. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі, сондықтан түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз, – деді.
Мемлекет басшысы Ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды. Бұл Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуетін күшейтеді.
Бүгінде Түркі елдерінің қауіпсіздікті нығайту және сын-қатерлерге, соның ішінде терроризмге қарсы тұру жолындағы мақсат-мүддесі сәтті жүзеге асырылып жатыр. Себебі, ұйымға мүше елдер жаһандық қауіпсіздікті сақтау жолындағы бастамаларды қолдап келеді. Президент әріптестерін мұнымен шектеліп қалмауға шақырды. Сол себепті Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі. Биыл қыркүйекте осы тақырып бойынша Алматыда өткен конференция нәтижелері киберқауіпсіздік саласындағы ықпалдастықты күшейту аса маңызды екенін тағы да растады, – деді.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өсіп-өркендеудің түп негізі ретінде атап, Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Біз 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруіміз қажет. Бүгінгі саммит осы жоспарды нақты шаралармен толықтыруға тиіс. Ұйымға қатысушы әр мемлекеттің өзіне тән артықшылығы және жетістігі бар. Соған қарамастан Ұйым аясында сауда-экономика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін нақты тетіктер ұсынылған. Соның бірі – Түркі инвестициялық қоры. Осы қаржы ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек. Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді. Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық елдеріміздің экономикасын әртараптандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуеті зор деп есептейміз. Келесі жылы осы палатаға Қазақстан төраға болады. Бұл бағытта біз нақты жобаларға басымдық беретін Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдауды ұсынатын боламыз, – деді.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді басты міндеттің бірі санайды. Қазір елімізде бұл бағытта ауқымды жобалар атқарылып жатыр. Ұлы Жібек жолымен әлемдік нарыққа жол ашатын дәліздер құрылуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Елдеріміз Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабы – Еуразия төрінде орналасқан. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Жақында біз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қостық. Бұл қадам ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қарқынды дамытуға ықпал етеді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа тағы да екі маңызды теміржол салынып жатыр. Осы жобалар аймақтық логистиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беретіні анық. Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсті. Жақында Ұйымға мүше мемлекеттердің көлік министрлері Алматыда бас қосты. Тараптар кездесуде осы жол бағдарына қатысты бірқатар келісімге қол жеткізді. Бұл ретте біз түркі мемлекеттерін Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порттары инфрақұрылымын жаңғыртуға белсене атсалысуға шақырамыз. Қазір көлік-транзит саласын цифрландыруға қатысты жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осы орайда Жасанды интеллект технологиясын пайдалану тиімді болатыны сөзсіз. Сондықтан беделді сарапшыларды тарта отырып, Ұйым аясында арнайы Цифрлық мониторинг орталығын құру мәселесін талқылауды ұсынамыз, – деді.
Қазақстан цифрландыру ісіне ден қойып, жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беріп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат етіп отыр. Еліміздің бұл істе ілгерілеушілік бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Жасанды интеллектіні жаппай дамыту үшін білікті мамандар даярлауды қолға алдық. Бағдарлама аясында жыл басынан бері 400 мыңнан астам студент арнайы білім алды. Сондай-ақ жасанды интеллект мамандарын оқытатын тұңғыш зерттеу университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан осы оқу ордасында білім алуға ниет білдірген түркі елдерінің жастарына арнайы гранттар бөлуге дайын, – деді.
Президент аталған салалар бойынша Ұйым аясында жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаларға тоқталып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Жуырда Астанада Alem.Ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Біз цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтарымыздың игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдер мен сын-қатерлердің алдын алуымыз керек. Сондықтан келесі жылы Қазақстанда өтетін Ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын. Осы жиынның қарсаңында білікті сарапшылардың басын қосып, халықаралық конференция ұйымдастыруға дайынбыз, – деді.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынды. Қазіргі жағдайда энергетика мәселесіне де баса мән беру керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Бұл – экономикамыздың тірегі, стратегиялық әріптестігіміздің негізі. Бүгінде біз ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудамыз. Энергия тасымалдаудың қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдарын қарастырып жатырмыз. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия дәлізі – осы саладағы жемісті ынтымақтастық үлгісі. Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн энергиясына айрықша назар аудару қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді, – деді.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазір әлемде аса күрделі мәселеге айналған су тапшылығы таяу арада Орта Азиядағы ең өзекті сын-қатер болуы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Өзен-сулардың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер керек деп санаймыз. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану, су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Қазір Каспий теңізі тартылып бара жатқанын білесіздер. Бұған бәріміз алаңдап отырмыз. Қарт Каспийдің түркі жұрты үшін орны қашанда бөлек. Оны халықтарымыздың арасындағы дәнекер деуге болады. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе. Мен мұны Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерекелік сессиясында айттым. Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Мен түркі мемлекеттерін осы бағытта күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен келесі жылы сәуірде Өңірлік саммит өткізуді жоспарлап отыр. Тақырып: «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас». Біз түркі елдері осы саммиттің жұмысына жоғары деңгейде белсене қатысады деп үміттенеміз, – деді.
