САЛЫҚ ӨНДІРІЛЕДІ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің қатысуымен жиналыс өтті. Онда өзі жетекшілік ететін салалары бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.
Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев 2024-2025 жылыту маусымында жылыжайлар 247 175 тонна қатты отын тұтынғанын баяндады. Ол 2025-2026 жылдың жоспары мен маусымаралық тұтыну кестесін ұсынды.
Биыл «Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты» бекітілгені белгілі. Бүгінге дейін 801 жылыжай сертификаттаудан өткен.
«Тұран су» мекемесінің басшысы Досхан Лесов айтуынша, өңірде жалпы ұзындығы 1063,1 шақырымды құрайтын 71 канал құжаттандырылған. Шардара ауданы бойынша 425,7 шақырым қашыртқылардың құжаттары рәсімделген. Сауран ауданында 91,4 шақырым каналдың құжаты мемлекеттік тіркеуге жолданған. Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласында мемлекеттік акті рәсімдеу жалғасуда.
Ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібековке жүктелген тапсырмалар да талқыға түсті. Оның мәліметінше, үш жақты келісім бойынша Мақтаарал, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран, Созақ, Түлкібас аудандарында малға арналған жалпы 8 қорым жасақталып, Келес, Арыс, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ аудандарында ұсақ малдарды шомылдыратын хауыздар салынған. Ветеринариялық қызметті цифрландыру, жасанды интеллект арқылы қызмет сапасын жетілдіру жүктелді.
2024 жылы субсидия алған 10 310 шаруа қожалығының салық төлемдері зерделеген. Нәтижесінде 2476 шаруа қожалығының мүлде салық төлемегені анықталған. Олармен арнайы жұмыс жүргізіліп, оның 1390-ы салық берешегін өтепті. Бұл жұмыстар жалғасуда.
Биыл облыста тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 212-ге жетіп отыр. Облыстағы 22 тұқымбақтан көшет босату жоспары аудан-қалалардың климаттық және топырақ құнарлылығының ерекшеліктеріне қарай беріледі.
Жиналыс барысында Нұрбол Тұрашбеков қатты отын тасымалын бақылау, облыстағы механикалық тазалауды, ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет ететін каналдарды талдау, сондай-ақ, салалардың өзекті мәселелерін саралау, ұсыныс енгізу, шегіртке зиянкесіне қарсы 2026 жылға жоспарланған жұмыстар бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
