МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Шымкентте Республика күніне арналған “Қыран елім – Қазақстаным” атты мерекелік іс-шара өтті. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының өкілдері мен жастар қатысты.
Шаһар басшысы ел тарихындағы маңызды мерекемен құттықтап, бірқатар азаматқа Президент атынан мемлекеттік марапаттар мен қала әкімінің алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті. Бүгінде Шымкенттің білім, инновация және заманауи инфрақұрылым орталығы ретінде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Соңғы үш жылда қалаға 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл өндіріс пен құрылыс секторына да айтарлықтай серпін берді. Өнеркәсіп саласында 2023 жылдан бері 3,4 триллион теңгеге өнім өндірілген.
Халықты баспанамен қамту мақсатында 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаланың бюджеті алғаш рет 895 миллиард теңгеге жетіп, оның 50 пайызы әлеуметтік саланы қолдауға бағытталып отыр.
Ғабит Сыздықбеков:
— Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде саяси — экономикалық жаңару кезеңі жүруде. 2025 жыл «Еңбек адамы мен жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, қарапайым еңбеккерлер мен жұмысшылардың мәртебесін арттыруға күш салынуда. Себебі, еңбек адамы – ел дамуының тірегі . Жұмысшылардың, мұғалімдердің, дәрігерлердің, инженерлердің және кәсіпкерлердің күш-жігерінің арқасында Шымкент көркейіп, экономикасы нығайып келеді. Біздің ортақ міндетіміз – Отанымыз тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі үшін аянбай еңбек ету. Басты мұратымыз – қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту, — деді.
Салтанатты кеш танымал өнерпаздардың концертіне ұласты.
