ПРЕЗИДЕНТ ТҮРІКМЕНСТАН БАСШЫСЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Президент Түрікменстан басшысымен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов және бауырлас түрікмен халқын –Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады. Осыған орай ұйымдастырылған халықаралық форумда көтерілетін маңызды мәселелерді атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Ашхабад секілді көркем шаһарға шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мұнда келген сайын қонақжай пейілдеріңізді, туыстық әрі достық көңілдеріңізді сезінеміз. Ертеңгі форум өзіне жүктелген міндетті толық атқарып шығатынына және халықаралық қатынастар тарихында айтулы уақиға болатынына сенімдімін. Өйткені бұл жиында бейбітшілік, бейтараптылық және сенім секілді ең өзекті тақырыптар қозғалады. Қазіргі әлемге жетпей тұрғаны да осы құндылықтар, – деді.
Кездесуде екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын талқыланды. Сердар Бердімұхамедовтің таяуда Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысына тоқталды.
Түрікменстан Президенті Мемлекет басшысымен Ашхабад қаласында жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
Сердар Бердімұхамедов
– Осы халықаралық деңгейдегі форумға қатысу арқылы Сіз бейбітшілікті, сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға бейіл екеніңізді көрсетіп отырсыз. Халықаралық бейбітшілік және сенім форумына шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Өзіңізбен түрікмен жерінде кездесу біз үшін зор мәртебе, – деді.
Қос мемлекет басшылары өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастырды.
