6,6 ТРЛН ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛМАҚ
Шымкент қаласының экономикасын тұрақты дамыту мақсатымен алдағы 5 жылда 6,6 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл туралы мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Ғабит Сыздықбеков
– Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту – стратегиялық міндетіміз. Бұл ретте инвесторларға қолайлы жағдай жасап, тұрақты қолдау көрсетіп келеміз. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция жұмылдырылса, оның 75 пайызы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады. Бүгіннің өзінде жалпы құны 4,6 триллион теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Бұл инвестициялық жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады, – деді.
Сондай-ақ, Шымкенттегі ірі жобалар белгілі болды. Атап айтқанда «Alsera KZ» түрік компаниясымен құны 322 млрд теңгені құрайтын 650 гектар жерге еліміздегі ең үлкен заманауи жылыжай кешенінің бірінші кезеңнің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім жиналған.
Польшаның «Fabe Agro» компаниясымен құны 68 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялы жылыжай құрылысын салуға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс басталды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Түркиялық «YDA Group» компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіру және отандық «INTERTRANS» компаниясымен 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салынады.
Жуырда Астана қаласында өткен инвестициялық форумда қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 млрд теңгеге тұрмыстық қалдықты жағу арқылы қуаттылығы 24 мВт электр энергиясын өндіру бойынша келісім жасалып, жобаны іске асыруға қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер телімі бөлінген.
