ЕКІ ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Шымкентте «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тоқылмаған материалдар фабрикасы металл есіктер зауыты ашылды. Инвестициялық жобалар шикізатты терең өңдеуге арналған.

 

«Marvik Partners» ЖШС тоқылмаған материалдар өндіреді. Фабрикада жеңіл өнеркәсіпте, медицинада, құрылыс және басқа да салаларда кеңінен қолданылатын спанбонд өнімдерін дайындайды.

 

Жоба құны 4,7 млрд теңге. Фабрикада 136 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістік қуаттылығы жылына 4,8 мың тоннаға дейін тоқылмаған материал шығарылады.

Ал, «Alliance Buildings» ЖШС пәтерлерге арналған, өртке қарсы және техникалық металл есіктер шығарады. Зауыт еліміздің оңтүстік өңірлерін сапалы құрылыс өнімдерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, экспорт аясын кеңейтуге бағытталған.

Өндіріс орыны келесі жылдан бастап Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға тауарларды экспорттайды. Құны 3,7 млрд теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы 150 мың тонна өнім шығарады. Зауыт 120 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.

 

Ғабит Сыздықбеков:

—  «Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы – Шымкенттегі өнеркәсіптің дамуындағы маңызды қадам. Мұндай жобалар жұмыс орындарын ашып, қаланың экономикалық әлеуетін нығайтады, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие салалардың дамуына ықпал етеді».

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өндіріс алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа шығу үшін бәсекелестікке қабілетті болуы қажеттігін айтқан. Қалада ашылған екі инвестициялық жоба өнеркәсіп секторын дамытуға, өндірістік базасын кеңейтуге және экономикалық әлеуетін нығайтуға үлес қосады.