БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН ДӘСТҮРЛІ ДИАЛОГ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бизнес өкілдерімен жүздесті. Дәстүрлі басқосу кәсіпкерлер мен қала әкімдігі арасында бизнесті дамыту және қаланың инвестициялық ахуалын жақсартуға арналған. Ашық диалог алаңында бизнестің дамуына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер сөз болды.

 

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары қаралды. Атап айтқанда, арнайы салық режимі мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

 

Мегаполис басшысы экономиканы нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты.  Жыл басынан бері қалаға 715,2 млрд теңгеден аса инвестиция тартылған.

 

Сондай-ақ, Астанада өткен Жаһандық инвестициялық форум аясында жалпы құны 863 млн АҚШ долларын құрайтын бес ірі жобаны іске асыру жөнінде келісімдерге қол қойылды.

 

Ғабит Сыздықбеков бизнесті тікелей Шымкент қаласында тіркеудің маңыздылығына тоқталды. Себебі өндіріс қала аумағында орналасса да, басқа өңірде заңды тіркеуде тұратын тәжірибе жергілікті бюджеттің толыққанды толығуына мүмкіндік бермей, қаланың экономикалық дамуын тежеуде.

 

Сөз соңында шаһар басшысы кәсіпкерлерге сындарлы ынтымақтастық пен бірлескен бастамаларды іске асыруға белсенді қатысқандары үшін ризашылығын білдірді. Әсіресе, бағаны тұрақтандыру және инфляцияны тежеу жөніндегі шараларға қосқан үлестері бағаланды.

 

Сондай-ақ, Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және жоғары әлеуметтік жауапкершілігі үшін бірқатар кәсіпкерге қала әкімінің алғыс хаты табысталды.