ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде азаматтарды амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштері, 2026 жылға арналған жоспарлар және 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалыбековтың айтуынша, қаладағы емханаларда 1,27 млн-нан астам тұрғын тіркелген. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласында 60 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 14 мемлекеттік, 46 жекеменшік.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында қаладағы медициналық ұйымдарда тегін дәрі-дәрмектерді QR-код арқылы алу жүйесі енгізілген. 2025 жылы 969 мыңнан астам рецепт жазылып, олардың шамамен 93 пайызы электронды форматта қамтамасыз етілген.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы ашықтық пен бақылауды күшейту мақсатында дәрілік заттарды таңбалау жүйесін енгізу жалғасып жатыр. Орфандық және онкологиялық аурулары бар пациенттерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда қажет препараттарды жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын тізімге енгізіледі.
Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 381 900 шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін айтты. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артты. 3 817 пәтерден тұратын көп қабатты 66 үйдің 34-і (2 575 пәтер) пайдалануға берілді. Қалған нысандар 2026 жылға өтпелі.
