ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ СПОРТТЫҚ КИІМДЕР ТҮРКІСТАНДА ШЫҒАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров әлемге танымал спорттық киімдер өндіруші шетелдік инвестормен кездесті. Басқосуда өңірде осындай фабрика ашу жоспарлары талқыланды.
Инвестор өңірдің өндірістік әлеуетіне қызығушылық танытып, мақта кластерінің дамығанынан хабардар екенін жасырмады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Түркістан қаласында спорттық киім тігетін кәсіпорын ашуға ықыласын жеткізді.
Қонақтарға Түркістан облысының индустриалды мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымы, логистикалық артықшылықтары, жұмыс күші және инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Нұралхан Көшеров шетелдік және отандық инвесторлар үшін Түркістан облысында өндіріс ашуға барлық жағдай жасалғанын айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айтты. Тараптар алдағы уақытта нақты ұсыныстарды қарастырып, өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында келіссөзді жалғастыруға келісті.
