ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ — КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚА АЙНАЛАДЫ
Жаңа Конституция жобасында мәдениет пен ұлттық құндылықтар мәселесі бұрынғыдан да тереңірек және стратегиялық деңгейде қамтылған. Басты жаңалық — мәдениеттің мемлекеттік саясаттың «екінші кезектегі» саласынан мемлекеттің негізгі құндылығына айналуы.
Жаңа Конституцияның кіріспе бөлімінде алғаш рет «мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алу» туралы нақты норма жазылды. Енді тарихи және мәдени мұраны сақтау — мемлекеттік маңызы бар конституциялық құндылық деп бекітілді. Мемлекет ұлттық мәдениеттің дамуына және оның әлемдік кеңістікте насихатталуына жағдай жасауға міндеттеледі.
Жаңа Конституцияда ғылыми және көркем шығармашылық еркіндігіне толық кепілдік беріліп отыр. Яғни, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нығайтылды, бұл мәдениет пен өнердің кез келген идеологиялық немесе діни шектеулерсіз дамуына жол ашады. Әрбір адамның ана тілі мен төл мәдениетін қолдануға, қарым-қатынас, тәрбие және шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығы қайта бекітіліп, оның қорғалу тетіктері күшейтілген.
Отырар ауданының Қарақоңыр ауылдық округі Шәмші Қалдаяқов ауылында өткен кездесуде жергілікті тұрғындарға жаңа Конституцияның ұлттық құндылықтары да түсіндірілді. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік Жалпыұлттық коалиция төрағасы Нұралы Әбішов және коалиция мүшелері жаңа реформалар туралы айтты.
Жаңа Конституция жобасы әрбір азаматтың құқықтарын қорғауға, білім мен денсаулық салаларын жетілдіруге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғамдық тұрақтылық пен әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтық қорғалу тетіктері мен қоғамдық қатысу мүмкіндіктері терең жазылған. Жергілікті жұртшылық Конституциялық өзгерістерге оң көзқарастарын білдірді.
