ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ТЕГІН БІЛІМ БЕРУ КЕПІЛДІГІ

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы ақпараттық-насихат тобының жұмысы Жетісайда жалғасын тапты. Н.Исмайлов атындағы №45 орта мектеп ұжымына конституциялық реформалардың мәні мен маңызы түсіндірілді.

Жаңартылған Конституцияның 30-бабына сәйкес, мемлекет әрбір азаматтың тегін орта білім алуына кепілдік береді. Орта білім алу — барлық балаға міндетті болғандықтан мектеп білімі қолжетімді, себебі мемлекет тарапынан толық қаржыландырылады.

 

​Азаматтардың мемлекеттік жоғары оқу орындарында тегін жоғары білім алуға да құқығы бар. Бұл бұрынғыша мектепті үздік бітірген оқушылар гранттар арқылы жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік алады. Енді мемлекеттік гранттардың саны халық санының өсуіне және нарық сұранысына қарай реттеледі.

Білім сапасын арттыру мақсатымен ауылдық жерлердің өзінде оқуға жайлы келешек мектептері ашылып жатыр. Ендігі міндет мұғалімдер оқушыларға сапалы білім беріп, тиісінше шәкірттердің білімді болуы. Қазір педагогтердің мәртебесін арттыру нормалары бекітілген. Ал, бірнеше жылдан бері мұғалімдердің жалақысы тұрақты өсіп, білім беру ісіне қызығушылық арта түсті.

 

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, коалицияның облыстық филиалының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған коалиция мүшелері білім – ел дамуының стратегиялық ресурсы екенін айтып, адами капиталды дамыту мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде айқындалғанын айтты. Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту үшін цифрландыру үдерісін жеделдету және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары бекітілген.

Нұралы Әбішов: 

Жаңа Конституция ұлт дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын құжат. Әсіресе, сапалы әрі қолжетімді білім алудың конституциялық кепілдіктері, орта білімнің міндетті және тегін сақталуы, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты еркін ғылыми ізденіс пен зияткерлік ортаны қалыптастырудың негізі,-деді.

 

Мектеп ұстаздары да пікірлерін білдіріп, білім сапасын арттыру, жас мамандарды қолдау және тәрбие жұмысының мазмұнын жаңғырту бүгінгі күннің талабы екенін жеткізді. Ата Заңымызға қолдау білдірді.