СУ НЫСАНДАРЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛІП ЖАТЫР
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың қатысуымен «Тұран су» мекемесінің жұмыс жоспары қаралды. Мекеменің қарамағында стратегиялық маңызға ие 20 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистралды, 107 ішкі шаруашылықаралық канал, 3 өндірістік база және 81 арнайы техника бар.
«Тұран су» Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс қаласы бойынша 108,1 мың гектар егістік алқапты ағын су береді. 2022-2025 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 10 су нысанын күрделі жөндеуден, 6 нысанды механикалық тазартудан өткізіп, нәтижесінде 42,4 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдай жақсарды.
Мекемеге бөліп төлеу негізінде 60 арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде аудан, қалалар аумағындағы каналдар мен арықтарды тазалау және де қажетті жұмыстарды атқару мақсатында, кәсіпорын тарапынан 24 экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді. Нәтижесінде 1288 шақырым каналдар мен қашыртқыларға механикалық тазалау жүргізіліп, шаруаларға ағын су тұрақты жеткізіліп жатыр.
Механикалық тазалау нәтижесінде облыстық меншіктегі қашыртқалардың тозу көрсеткіші 80 пайыздан 10 пайызға төмендеді.
Мәжіліс барысында «Тұран су» мекемесінің басшысы Досхан Лесов теңгерімдегі су қоймаларын көпфакторлы зерттеуден өткізу, қауіпсіздік декларациясын рәсімдеу, Түркістан, Арыс, Қараспан магистралды каналдары және ішкі шаруааралық каналдардың гидроқұрылымдарын аттестациядан өткізу мәселелерін көтерді.
Облыс әкімінің орынбасары вегетациялық кезеңге дейін каналдар мен арық-атыздардың дайындығын қайта пысықтады.
Нұрбол Тұрашбеков
– Егістіктердің картасын әзірлеп, дақылдардың ерекшелігін назарға ала отырып, суғару кезектілігінің кестесін осы кезден түзу қажет. Шаруалармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдаңыздар. Назардан тыс қалған проблемалар болса, аудан-қалалармен бірлесіп, заң аясында тиісті шараларды қабылдаңыздар. Проблеманың алдымыздан шыққанын күтудің қажеті жоқ, – деді.
«Ислам даму банкімен» жүргізілген келіссөздер нәтижесінде «Тұран су» кәсіпорнын қаржыландыру келісілді.
Алғашқы кезеңде 14 жоба қаржыландырылады. Нәтижесінде: 53,3 мың га суармалы жердің су жеткізу қабілеттілігі артады. Құрылыс 2026 жылы басталады.
77 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, «Ислам даму банкіне» 2 кезеңге қаржыландыруға ұсынылады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан, 50%-ға төмендеп, 400 мың гектар суармалы жерлерге ағын су жеткізу қабілеттілігі артады деп күтілуде.
