БИЫЛ МИЛЛИОН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміз бойынша 2 млрд ағаш отырғызу міндетін қойған. Осыған сәйкес Түркістан облысында 2021–2027 жылдары орман қоры жерлеріне 110 мың гектар аумаққа 170 млн көшет отырғызу жоспарланған.

Қазіргі таңда 2021–2025 жылдары 96 мың гектар жерге 146 млн көшет егіліп, жоспар 116 пайызға артығымен орындалды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.

Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне көктемгі ағаш отырғызу жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар суару және қоршау жұмыстарының кейбір өңірлерде төмен деңгейде екенін сынға алып, көшеттердің күтімін күшейтуді жүктеді.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлеповтің айтуынша, 2026–2027 жылдары қалған 14 мың гектарға 24 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр. Биыл наурыз айында 13 600 гектар жер жырту көзделген.

Былтыр өңірдегі 22 тұқымбақта 30 млн-ға жуық көшет өсіріліп, оның 10 млн-нан астамы орман алқаптарына егілді.

Елді мекендерді көгалдандыру аясында биыл облыста 1 млн көшет отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 312 мыңы аудан-қалаларға таратылды. Дайындық жұмыстары аясында 374 гектар жер қамтылып, суару жүйелері 80%, қоршау жұмыстары 84% деңгейінде орындалды.

Сонымен қатар барлық 13 аудан мен қалада арнайы жер бөлініп, жаңа тұқымбақтар ашылды.

Наурыз мейрамы аясындағы «Тазару күні» экологиялық акциясы барысында 46 гектар жерге 32 256 көшет отырғызылып, 821 гектар аумақ тазартылып, 1032 тонна қоқыс шығарылды.

Түркістан қаласы маңында 30 мың гектар аумақты қамтитын «Жасыл белдеу» жобасы жүзеге асуда. Қазіргі уақытта оның 29 544 гектары мемлекеттік орман қоры құрамына енгізілген. 2026 жылы көктемде 100 гектарға 294,1 мың түп сексеуіл, ал күзде 9 415 гектарға 776 мың түп жапырақты ағаш отырғызу жоспарланған.

Жасыл белдеуді суару үшін 390 ұңғыма жұмыс істейді. Биыл олардың 60-ына жөндеу жүргізіледі.

Сонымен қатар тамшылатып суғару жүйелерін жаңарту және қосымша су айдау құрылғыларын орнату арқылы жазғы кезеңде көшеттерді тұрақты суару қамтамасыз етілмек.

Жалпы, өңірде көгалдандыру және экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.