УЕФАҒА ІРІКТЕУ ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ
«Түркістан Арена» стадионында Қазақстан мен Словакияның 21 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасында тартысты кездесу өтті. 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу басталды.
УЕФА басшылығы аясында өткен алғашқы ресми матч жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жеті мыңдай жанкүйер жиналып, стадион трибуналары лық толды. Түркістан жұртшылығы Қазақстанның жастар құрамасына қызу қолдау көрсетті. Жанкүйерлердің белсенділігі алаңдағы ойыншыларға ерекше серпін сыйлады.
Тартысты өткен матч, өкінішке қарай қонақтардың пайдасына шешілді. Словакиялықтар сауатты әрі қорғаныста сақ ойнап, 3:1 есебімен жеңді.
Мұндай маңызды кездесулердің Түркістанда өтуі өңірдегі спорт инфрақұрылымының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл – жастар футболын дамытуға және жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
«Түркістан Арена» стадионы – халықаралық деңгейдегі заманауи спорт нысаны. УЕФА талаптарына сай стадионда Қазақстан жастар құрамасы 31 наурызда Ирландия жастарын қабылдайды. Кездесу сағат 20:00-де басталады, кіру тегін.
