ЖҮЗДЕН АСА КӘСІПОРЫН АШЫЛАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының табысын арттыру үшін аудандарда өндіріс орындарын ашуды тапсырған. Осыған байланысты Түркістан облысында 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын өңірлік инвестициялық жобалар пулы қайта жасақталды. Нәтижесінде, құны 500 млн теңгеден асатын, жалпы сомасы 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жоба түзілді. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен белгілі болды.

 

Биыл жалпы құны 369,4 млрд теңгеге 67 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. 5894 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Инвестициялық штабта жоспарланған жобалардың жай-жапсары қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар өңірге инвестиция тарту және жаңа жоба бастамашыларымен келіссөздер жүргізу жұмыстары жүйелі түрде жалғаса береді.

 

Облыстағы барлық аудандар мен қалаларда өндірістік парк құрылып, жаңадан кәсіпорындар салынуда. Аймақ басшысы аудан және қала әкімдеріне бірқатар тапсырма беріп, орындалу барысын қатаң бақылауда ұстайтынын ұмытпауға шақырды.

Нұралхан Көшеров:

– Өндірістік парктердің құрылысын уақтылы әрі сапалы жүргізіңіздер. Жобалардың мерзімінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек. Жұмыс барысы бақылауымда тұр. Тапсырмаға немқұрайлы қараған басшыларға шара қолданылады, – деді.

 

Бүгінде Сауран ауданындағы 7 өндірістік парктерде 124 ғимарат салынып жатыр. Ал, Жетісай ауданында өндірістік парк құрылысы аяқталып, инфрақұрылым желілері жүргізіліп, жобаларды орналастыру жұмыстары басталды. Ордабасы ауданы мен Арыс қаласында өндірістік парк құрылысы аяқталды. Түркістан қаласы мен Шардара ауданында мәреге таяп қалды. Қазығұрт ауданында ғимараттардың сыртын қаптау қалды.

 

Түлкібас ауданындағы 3 ауылдық округте өндірістік парк құрылуда. Балықты ауылындағы мал бордақылау алаңдары шоғырланған өндірістік парк дайын. Ал, Машат ауылында осындай өндірістік парктің құрылысы жалғасуда. Майлыкент ауылындағы нысандардың қабырғасы қаланды. Төлебидегі өндірістік ғимараттар пайдалануға беріле бастады. Сарыағаш, Келес, Отырар аудандары мен Кентау қаласында жерді тегістеу бітті. Бұл аудандар өндірістік кестеден кешеуілдеп келеді. Ал, Сайрам ауданында 2 өндірістік ғимарат енді салынып бітсе, қалған үшеуінің құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр.

 

Мақтааралда өндірістік парк құратын жер нақтыланып, нысанның қабырғасын қалау жұмыстары басталды. Созақта өндірістік парк бос тұрған шағын кешен базасында құрылып, 3 жоба орналастырылды. Жуырда арнайы киімдер мен аяқ киім тігетін «Созақ груп» ЖШС жобасы іске қосылды. Бәйдібек ауданындағы 1 гектар аумақта орналасқан өндірістік кешенде қолөнер және тігін шеберханаларын ашу жоспарланған.

Наурызнама аясында «Тазару күніне» орай «Тазалық эстафетасын» және «ТазаLIKE» экофестивалі барлық аудан, қалада ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға өңірде 40 мыңнан астам адам қатысып, 1000 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сол күні 32 мыңнан астам ағаш отырғызылды. 89 ауылдық округте орналасқан 155 бұлақ көзі, 77 өзен бойлары, 58 каналдар мен арықтардың жағасы тазартылды. Облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасын белсенді қолдау мақсатында құрылған «Jas Turkistan» волонтерлік ассоциациясының ұйымдастыруымен 15 эко-челлендж және 12 эко-марафон ұйымдастырылды.