ӘРІПТЕСТІК АРТАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров танымал кәсіпкер, «Kusto Group» холдингінің негізін қалаушы Қанат Көпбаевпен кездесіп, аймақта инвестициялық бастамаларды іске асыру жолдарын талқылады. Кәсіпкерге  инвестициялық мүмкіндіктер, өндірістік және индустриялық, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар жөнінде ақпарат ұсынылды.

Тараптар Түркістан облысында жаңа жобаларды жүзеге асыру, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейту бағытындағы әлеуетті талқылады. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайды дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Әуежай инфрақұрылымын жетілдіру, логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту, жолаушылар ағынын арттыру және халықаралық бағыттарды көбейту бойынша ынтымақтастық орнату жолдары қарастырылды.

Кездесу нәтижесінде тараптар өңір экономикасын ілгерілетуге бағытталған бірлескен жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға және өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайын екендерін жеткізді. Алдағы уақытта нақты бастамаларды пысықтап, әріптестікті нығайтуға келісті.