ЖАСЫРУ — ЖАСАНДЫЛЫҚ
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков берілген тапсырмалардың орындалуын саралау барысында құр есепке емес, нақты проблемаларға назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Тапсырмаларды орындау – баршамызға ортақ міндет. Бір саланың жұмысы ақсаса, бұл – барлығымызға сын. Осыны ұмытпайық, – деді ол. Сонымен қатар мерзімі жақындаған тапсырмаларға жеке тоқталып, нақты талдау жүргізді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев шегіртке зиянкесіне қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыру мақсатында аудан, қала әкімдіктеріне мердігерлермен қатар жергілікті тұрғындарды кеңінен тарту ұсынылғанын жеткізді. Сондай-ақ анықтаушылар қатары толықтырылып, көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жеңілдетілген бағамен бөлінген жанар-жағар май мен минералды тыңайтқыштар талапқа сай жеткізілуде.
«Түркістан» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қайтарылған несие қаражаттарын қайта айналымға енгізу бойынша мәлімет ұсынды.
Айта кетейік, 2023–2026 жылдары өңірде аталған бағдарлама нақты нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, шағын кәсіпкерлік субъектілері 4 184 бірлікке артты. 29,3 гектар аумақта 594 жылыжай кешені іске қосылды. Мал басы 76 887-ге көбейді. 39 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 4 538 жаңа жұмыс орны құрылды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жеңілдетілген несиелердің уақытылы қайтарылуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Мәжілісте көктемгі ағаш отырғызу науқанының сапасы да талқыланды.
Нұрбол Тұрашбеков:
– Аудан, қала аумақтарында егілген көшеттердің күтімі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Отырғызылған және жерсінген көшеттердің нақты есебі жүргізіліп, көгалдандыру жұмыстарының сапасына тиісті баға берілуі қажет, – деді.
Сонымен қатар басқарма басшыларына туындаған мәселелерді жасырып қалмай, дер кезінде баяндау қажеттігі ескертілді. «Ауруын жасырған өледі» деген халық даналығына сүйене отырып, Нұрбол Тұрашбеков көп пікірдің ішінен нақты шешім табу арқылы кез келген мәселені тиімді шешуге болатынын атап өтті.
