АППАРАТТАН ОРЫНБАСАРЛЫҚҚА

Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына Еркебұлан Әбілханұлы Дауылбаев тағайындалды. Ол бұған дейін аппарат басшысы болған. Аймақ әкімі Нұралхан Көшеров жаңа орынбасарына маңызды стратегиялық міндеттер жүктеп, жұмысына сәттілік тіледі.

Еркебұлан Дауылбаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей кеден академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің инспекторы лауазымынан бастады. 2010-2011 жылдары ОҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы, лицензиялау бөлімінің басшысы, 2011-2012 жылдары ОҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды. 2013 жылы ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2013-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы болды.

2016-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, 2018 жылы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, 2018-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында еңбек етті.

2020-2021 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары, 2021 жылғы тамыздан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі лауазымында қызмет етті. 2023-2024 жылдары Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болған. 2024 жылдың желтоқсанынан бастап қазірге дейін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келген, ол енді құрылысқа қатысты салаларға жетекшілік етеді.