АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҒЫЛЫМ ЕНЕДІ
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ордабасы ауданында «Агроөнеркәсіп кешеніне заманауи агротехнологияларды енгізу және саланың өнімділігін арттыру» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік форум өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Азат Оралбаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі Жәнібек Паржанов, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ аграрлық факультетінің деканы, профессор, академияның корреспондент-мүшесі Гүлнәр Тастанбекова, сондай-ақ сала мамандары мен ғалымдар қатысты. Сонымен бірге Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандарының шаруалары да келді.
Жиында Нұрбол Тұрашбеков агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ғылыми тәсілдердің маңызы зор екенін атап өтті. Өңірде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, жыл сайын 1 трлн теңгеден астам өнім өндіріледі. Қазіргі таңда облыста 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істеп, бұл көрсеткіш республикадағы жалпы үлестің 31 пайызын құрайды.
Нұрбол Тұрашбеков:
– Ауыл шаруашылығын ғылыми негізде дамыту – мемлекет басшысы жүктеген басты міндеттердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, біз ғылыми ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, озық технологияларды енгізуді жалғастырамыз, – деді ол.
Форумда «Темірлан қант» компаниясының бас директоры Қанат Сарбасов қант қызылшасын өсіру, жинау және өңдеу жобасын таныстырып, өндірісті дамыту жолдарын көрсетті.
Оңтүстік өңіріне тән қой шаруашылығын дамыту, жоғары өнімді жеміс-жидек дақылдарын өсіру, экологиялық таза кептірілген өнім шығару, өсімдік шаруашылығында табыстылықты арттыру айтылды. Мамандар өнімділікті 20 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін жаңа тәсілдерді таныстырды.
Аграрлық секторды жаңғырту, инновация енгізу және тиімділікті арттыру мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту аудан экономикасының негізгі бағыты екенін атап өтіп, алдағы уақытта да жаңа технологияларды енгізу мен инвестиция тарту жалғасатынын жеткізді.
