КӨКТЕМГІ СЕНБІЛІК БАСТАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына Түркістан облысының басшылығы қолдау білдіріп, көктемгі сенбілік өткізді.
Экологиялық мәдениетті арттыру, жасыл белдеу аясын кеңейту үшін ағаш отырғызылды. Жас ұрпақ экологиялық жауапкершіліктің негізгі бастамашысы саналады. Сол себепті өңірде өтіп жатқан акцияға жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары, жастар да жұмылдырылуда.
Бүгінгі науқанға облыс әкімі бастаған топ белсене қатысты. Сонымен қатар Нұралхан Көшеров қаладағы құрылыс алаңдарын аралап, жолдардың жағдайымен танысып, инфрақұрылымдық мәселелерді бақылауына алды.
Көшет отырғызу қоршаған ортаны таза ұстауға, ауаны ластайтын газдарды азайтуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және ұжымдық жауапкершілікті дамытуға ықпал етеді. Әрі азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігін күшейтеді және жастарға табиғатты қорғаудың маңыздылығын ұқтырады. Шара нәтижесінде облыстың жасыл желегі көбейіп, экологиялық мәдениет нығайды.
«Таза Қазақстан» – бұл жай ғана акция емес, еліміздің экологиялық тұрақтылығы мен халық денсаулығын нығайтуға бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама. Оның аясында айналаны тазарту мен ағаш отырғызудан бастап, қалдықтарды қайта өңдеу мен су ресурстарын қорғауға дейінгі ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен бұл бастамасы климаттың өзгеруіне қарсы тұруға және еліміздің халықаралық беделін арттыруға жол ашады. Әсіресе, Түркістан облысы тұрғындарының белсенділігі экологиялық мәдениет пен шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетіп отыр. Әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі – ортақ үйімізді таза әрі жасыл етудің басты кепілі.
