БІР ТАЛ — БІР ӨМІР

Түркістандағы №32 жалпы орта білім беретін мектепте «Бір тал – бір өмір» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өтті.

Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, жасыл желекті арттыру және өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейту. Іс-шара барысында ата-аналар белсенділік танытып, өздері алып келген ағаш көшеттерін балаларымен бірге отырғызды. Бұл бастама отбасы құндылықтарын дәріптеумен қатар, оқушыларға экологиялық тәрбие берудің тиімді үлгісі болды. Сонымен қатар, мектеп ұжымы да көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысты.

Шара аясында оқушылардың қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнерпаздар ән мен би арқылы өз өнерлерін көрсетті.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, акцияның маңыздылығына тоқталды. Өз сөздерінде олар қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін жеткізді.