ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАР АТСАЛЫСУДА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым өндіріске енсе, өнімділіктің артатынын айтқан. Бұл бізге шикізатты терең өңдеуге жол ашады. Ғалымдардың ел экономикасы мен өндірістік әлеуетін арттыруға тигізетін пайдасы зор. Әлемде барлық дамыған мемлекеттерде ғалымдар тартылған.

Түркістан облысында да ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге бағытталған маңызды халықаралық ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы жанындағы «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қолдауымен өңірге Германиядан тәжірибелі инженер, SES сарапшысы Людвиг Вресманн (Ludwig Wreesmann) арнайы шақырылды.

 

Ол «Сапа 2002» ЖШС алқабында сарапшы кәсіпкерлермен кездесіп, тәжірибесімен бөлісті. Кәсіпорынның аграрлық өндірістік әлеуетін арттыру, заманауи технологияларды енгізуге және егін өнімділігін көтеруге зор мүмкіндік беретін амалдар ұсынылды.

Игі бастама өңірдегі агробизнес саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Шетелдік сарапшылардың кеңесімен кәсіпорындарды халықаралық стандарттарға сай дамытуға мүмкіндік туады.

«Сапа 2002» ЖШС басшылығы алдағы уақытта өндірісті әртараптандыруды жоспарлаған. Атап айтқанда, кәсіпкер ет өңдеу және өсімдік майын өндіру цехтарын дамыту үшін де шетелдік білікті мамандарды шақыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл өз кезегінде өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына бір мүмкіндік болғалы тұр.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мұндай жобалар аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына септігін тигізеді.