ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАБЫ ТЫҢДАЛДЫ
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау алаңында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға тиісті салалық басқарма жетекшілері қатысып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер кешенді түрде қарастырылды.
Кездесу барысында өңір үшін өзекті бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Сауран ауданындағы А.Югнаки атындағы білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі көтерілді. Бұл жоба «Мектептерді жаңғырту бағдарламасы» аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болды. Сонымен қатар Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Игілік елді мекеніндегі «Месата» әулиесіне апаратын жолдың жай-күйі сөз болып, аталған бағытта құрылыс жұмыстарының басталғаны жөнінде мәлімет берілді.
Отырар ауданында Шәуілдір – Көксарай – Байырқұм бағытындағы автожолды жөндеу, ауылдық елді мекендерде спорт инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ мазарат аумақтарын қоршау мәселелері де назарға алынды. Бірқатар жобалар бойынша құрылыс жұмыстары басталған, ал өзге бастамалар кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Бұдан бөлек, Шәуілдір ауылының айналма жолын салу жобасы қаралып, қазіргі таңда тиісті сараптамалық рәсімдер жүргізілуде.
Қанат Қайыпбек көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, олардың заң талаптарына сәйкес шешілетінін жеткізді. Жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, орындалу барысы жеке бақылауға алынды.
