«AINALA» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жасаған іссапары аясында жақында іске қосылған «Ainala» аралас үлгідегі оңалту орталығына арнайы барды. Аймақ басшысы мекеменің жұмыс барысымен танысып, дәрігерлер және мамандармен пікір алмасты.
Облыс әкімі орталықта ем алып жатқан балалардың жағдайын көріп, олардың оңалту және дамыту шараларының нәтижесіне назар аударды. Сонымен бірге, бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, жетістіктеріне жоғары баға берді.
Аталған нысан «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қайырымдылық бағыты бойынша жұмыс істейтін «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен және «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорымен бірлесе жүзеге асқан. Жоба әлеуметтік маңызы зор бастамалардың бірі саналады.
Орталықтың басты артықшылығы – қызмет көрсетудің аралас форматы. Бұл түрлі диагнозы бар 3 пен 18 жас аралығындағы балаларды қамтуға жол ашады. Мұнда медициналық оңалтумен қатар, ерте қолдау, әлеуметтік бейімдеу және қоғамға кіріктіру бағыттары қатар жүргізіледі.
50 орынға лайықталған мекеме ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын арттырып, олардың қабілетін дамытуға және қоғамға бейімделуіне кең мүмкіндік беріп отыр.
