ТАҒЫ БІР ИНДУСТРИЯЛДЫ ПАРК САЛЫНАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына сапары барысында қала аумағында бой көтеріп жатқан индустриялық парктің құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар кәсіпкерлермен жүздесіп, жобаны тиімді жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі өндірістік аймақтың өңір экономикасын жандандырудағы рөлін ерекше атап өтіп, жауапты мамандар мен инвесторларға құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды жүктеді.

Нұралхан Көшеров:

Бұл индустриялық парк жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тың серпін береді. Құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтап, жобаларды нақты іске қосу маңызды. Мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Ендігі міндет – нақты нәтиже шығару. Жергілікті кәсіпкерлер өз ісін дамытып, табысын арттыруы тиіс. Барлық мүмкіндік бар. Ізденіс, еңбек және даму қажет. Ел экономикасының қозғаушы күші – кәсіпкерлік. Сондықтан барлық аудан, қалаларда осындай өндірістік парктер салынуда, – деді.

Индустриялық аймақтың жалпы көлемі 6,5 гектарды құрайды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында 8 кәсіпкерге жер телімдері кезең-кезеңімен берілген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталып, 2026 жылдың маусым айында аяқтау көзделген. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 800 млн теңге. Нәтижесінде 100 адам жаңа жұмысқа тартылады.

Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында 2 нысанның іргетасы құйылып, негізгі тірек конструкциялары орнатылған. Тағы 2 нысанның іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Ал бір нысанның құрылысы алдағы аптада басталмақ.

Индустриялық аймақта жалпы 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «Бес қара» ЖШС жұмыртқа салуға арналған лоток шығаратын цех ашып, 250 млн теңге инвестиция құю арқылы 25 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаған. Ал «Нұрлы жол» кәсіпорны жиһаз өндірісіне 150 млн теңге бағыттап, 15 жұмыс орнын ашуды көздейді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер 150 млн теңгеге кондитерлік цех іске қосып, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Бұдан бөлек, балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтар шығаратын өндіріс орны ашылып, 20 жұмыс орны құрылуы жоспарланған. Сондай-ақ құрама жем өндіретін цех іске қосылып, оған 100 млн теңге инвестиция салынып, 15 адамды жұмыспен қамту көзделуде.

Жоба толық іске асқанда Сарыағаш ауданында өндіріс көлемі ұлғайып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға кең мүмкіндік ашылады.