СУДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ПАЙДАСЫН ТҮСІНДІ
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев өңірде қолға алынған тамшылатып суғару технологияларын енгізу барысымен танысып, егістік алқаптарды аралады. Сапар барысында аудан басшысы су ресурстарын үнемдеу тәсілдерін кеңінен қолданудың өзектілігін атап өтіп, жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суармалы жерлерде суды тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығы саласындағы басты міндеттердің бірі. Осыған орай ауданда су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаруды дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға дейін облыс көлемінде су үнемдеу технологияларын 25 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Ал облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сай, 2026 жылы Шардара ауданында бұл көрсеткішті 8 000 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Жоспар ауылдық округтердің мүмкіндігіне қарай бөлініп берілген.
Қазіргі таңда ауданда 7949,6 гектар егістік жерге су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, келісімшарттар түзу, мемлекеттік субсидияларға өтінім беру, сондай-ақ құрылыс және монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Бұл бағытта бірқатар серіктес ұйымдармен бірлескен жұмыстар қолға алынған:
– «БНК групп» ЖШС – 1369,9 га;
– «Каз Киоти» ЖШС – 2088,8 га;
– «Нөсер» ЖШС – 305,0 га;
– «Жәрдем АС» МҚҰ (Лихуа) – 2725,9 га;
– «Қазкрахмал» ЖШС – 1000 га;
– «Агротехкредит» ЖШС – 460 га.
Жүргізіліп жатқан жұмыстарды үйлестіру және бақылау шаралары тұрақты назарда.
Су үнемдеу технологияларын енгізу шаруалар үшін бірқатар тиімділіктер береді. Ең алдымен, су шығыны айтарлықтай қысқарып, әрбір тамшы тиімді пайдаланылады. Бұл өз кезегінде су тапшылығы жағдайында егін алқаптарын тұрақты суаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тыңайтқыштарды дәл әрі үнемді беру арқылы өнімнің сапасы мен көлемі артады. Еңбек шығындары азайып, автоматтандырылған жүйе арқылы уақыт үнемделеді. Нәтижесінде шаруалардың табысы өсіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі жоғарылайды.
Жалпы, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу – табиғи ресурстарды сақтау мен аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
