ОТАНДЫҚ ӨНІМ ӨНДІРІСІ НЫҒАЮДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Сарыағаш-Құс» ЖШС жұмыртқа өндіру кәсіпорнының қызметімен танысты. Аймақ басшысы өндіріс алаңын аралап, кәсіпорынның қуаттылығын бағалап, сала мамандарымен пікір алмасты. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің маңыздылығына тоқталды.

Жобаның жалпы құны 237 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта кәсіпорында 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жетекшісі Мұрат Талман өндірістік үдеріс пен алдағы даму жоспарлары жөнінде мәлімет беріп, өнім сапасын жақсарту және өндіріс көлемін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінде өндірілген өнімдер ішкі нарыққа бағытталып, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында сұранысқа ие болып отыр.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мұндай өндіріс орындарының рөлі ерекше екенін жеткізді. Сонымен қатар өндіріс ауқымын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және озық технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.